Jibek Jumabaevaцитируетв прошлом году
Онда кәлдің желбезегінде зересі болған ба, — деп Сал күлді. Әжібай да теріс айналып күліп жіберді. Шоқан мына үш үлкен кісінің бір ауыз өзге ерегісіп қалғанын байқап, әлемді тануға көңіл бөлмеген жұрттың ой өрісін көргендей болды. Салдың кейінгі кекесінді қалжыңына орай ез айта алмай, Ықылас қоңыр қасқа жорғасын селкектете тарта жөнелді. Бұдан кейін әзіл тоқталып, аттылар тобы буын-буын болып ширай жүрді. Олар аласалау кереге жалдың көк бұйра қарағайға бөленген етегін ала тартып отырып бір қабақша белестен аса берді. Иек астында Жаңбырбай аулы отырған үлкен шалқар көлдің айдыны аспан әлеміне төсін керіп жатыр. Иірілген толқын ойнағына кеудесін төсегендей үлкен көл қанат жая кергиді. Көл иығындағы ақ ауылға таяна бергенде, кейінгі пәуескеден түсіп жатқан Зейнепті көріп Әжібай:

— Әне, Зейнеп ханым апасына жаяулап барып көрісуге түсті. Кәрі қыздардың сыңсып көріскендерін тыңдасаң, дүниенің қызығы, — деп Салға қарап күлді.

— Неше кәрі қыз көріскенде қасында болып едің? — деп Сал тез жауап қайтарды. Әжібай тосылып қалды.

Салт аттылар келгенде, Етекбайдың үлкен баласы Назымбек бөлесі Шоқанды өзі қолтықтап атынан түсірді. Назымбек Шоқаннан ересек, сыпайы жеткіншек екен. Кісілерді ертіп үйге алып жүрді.

Шыңғыспен тізелесе отырған етжеңді Етекбайға Ықылас, Әжібай, Сал қол беріп амандасты. Назымбекпен қатар кірген Шоқан да айрықша сәлем беріп, Етекбайдың қолын алды.

— Ә, ханымның Шоқаны осы ғой, шырағым, бақытты бол, көп жаса, — деп Етекбай айрықша ықыласын айтты.

Сапырылған қымыз, сойылған мал. Бірін-бірі сағынып көрген апалы-сіңлілі би қыздары мәре-сәре болып, әңгіме думанға бөленуде. Шыңғыстар отырған Етекбай үйінде ел жайы, шаруа жайы өз болуда. Бір әредікте Етекбай ауылдарының жайлауы, қоныстары айналасы шоқ-шоқ қарағайлы әсем шоқылар боп келетін Зеренді көлінің келісті бітімі сөз болды.

— Көлімізге көздерің түсіп кеткен екен. Босат, біз қонамыз дегелі отырған жоқсыңдар ма? — деп тілмар Етек¬бай Әжібайға қарап күлді.

— Оныңыз рас, Етеке, «төренің көзі түсті дегенше, түйенің иесі кешті деп біл» деген сөз бар. Бұл — бір. Екіншіден, қоныс ауыссаңдар сөкеттігі бар ма, екеуіңіз бір айдыннан сұқсыр ілген сұңқарсыңдар, — деп Әжібай жайма-шуақ жүйріктікке салды. Етекбай мен Әжібайдың осы бір қайымдасқан сөздерін үндемей тыңдап отырған Шоқан ойына тоқып қалдырды. Қалтасына қарындаш, қағаз салмағанына іштей өкініп қойды.
  • Войти или зарегистрироваться, чтобы комментировать