Jibek Jumabaevaцитируетв прошлом году
қонақасы құрметін айтысып, кейбіреулерінің қандай мақсатпен төренің ханымның асты-үстіне түскенін сөз етіп келе жатты. Әсіресе Күзембайдың аз ғана айғыр үйірінен құлын сойғанын дарақылық десті.

— Тобынан ұстағансып, шолақ айғырының үйіріндегі он шақты құлынның бірін сойып, мырза кісі болғансып өлгенше дариды, — деп Ықылас тыжырынып айтты. Күзембайдың шала бүлініп, төре алдында жайылып төсек, иіліп жастық болуында үлкен сыр барын білетін Сал:

— Қонақасына қолқасы да олқы емес шығар. Мына аз ғана ауыл Уақтың тізгінін қолына алғысы келетін көрінеді ғой, - деді.

— Е, Салым, солай деші. Мен ол жағынан гөрі басқаны ойлап едім, — деді Әжібай. Сонымен, бұл өз тоқталып, жай әңгімеге көшті.

Қалың бозды, кер миық сары жазықта жайыла қонып отырған елдердің ауылдарын сағым көтеріп, толқын үстінде жүздіріп жүргендей бұлдыратады. Осындай ғажайып дала көрінісіне елігіп келе жатқан Шоқан, өзі көп жайда өйлесе жүретін Салға:

— Бағана Ажа ағаң «Зеренді көліндегі Жаңбырбай аулына барамыз» деген-ді. Сонда Зерендісі не, сіз білесіз бе? - деді.

— Иә, Шоқанжан, осы Зеренді деген сөзді сен түгілі мен де анықтап білген нәрсем емес. Ел аузында айтылып жүрген белгілі қоныс аты болғандықтан кім ойлапты. Тіпті жақсы айттың-ау, осыны ауылға барған соң Етекеңнің өзінен сұрап білейікші, — деді.

— Әй, Сал-ай, сенің де кейде тәлімситін әдетің бар. Ерте кезде әйелдер мұрнының желбезегіне «Зерен» деген зер салыпты ғой, сонан қойылған да, — деді Ықылас өзінің белгілі мен білеміне салып.
  • Войти или зарегистрироваться, чтобы комментировать